Павлодарда биыл жеті трамвай өткелі күрделі жөндеуден өтеді
Ол үшін дыбыссыз өтуді қамтамасыз ететін материалдар пайдаланылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров мәлім етті.
– Ағымдағы жылы жеті трамвай өткелін күрделі жөндеу жоспарлануда. Қалған сегіз өткелді 2025 жылы жөндеуді жоспарлап отырмыз. Осылайша дыбыссыз өтуді қамтамасыз ететін материалдарды пайдалана отырып, барлық өткелдерді жөндеуді аяқтаймыз, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, қалалық қоғамдық көлікті жаңарту шеңберінде екі жыл ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қарыз беру есебінен аккумуляторлық батареяларда автономды жүрісі бар 25 жаңа трамвай сатып алу жоспарлануда.
Бұдан басқа, жолаушылар тасымалының тұрақты жұмыс істеуі және тарифтердің қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету мақсатында биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,5 млрд теңге сомасына 14 трамвай маршруты субсидияланады.
Айта кетейік, аппараттық жиналыста аймақ басшысы қала әкімдеріне тасымалдаушы компаниялармен нақты келісімшарт әзірлеп, тиісті деңгейде жұмыс жасамаған қалалық тасымалдаушылардың субсидиялар мөлшерін қайта қарауды бір жұма ішінде орындауды тапсырды.