Павлодар облысында мыңға жуық мал иесі жауапқа тартылды

Қараусыз жүрген малдың қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай жағдайлар жол-көлік оқиғаларына себеп болып, мал ұрлығының да артуына әсер етуде.
Май ауданында биыл 70 мал иесі жауапкершілікке тартылып, 148 бас қараусыз мал арнайы тұрақтарға қамалды. Қараусыз жайылып жүрген малдың қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы тіркелді.
– Атамекен-Курчатов автожолында түнгі уақытта автокөлік жүргізушісі жол бойында жайылып жүрген жылқымен соқтығысты. Апат салдарынан жүргізуші мен жолаушылар зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта полиция жылқының иесін анықтап, жауапкершілікке тарту шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, көлік жүргізушісі келтірілген залалды өтеу үшін азаматтық сотқа жүгіну құқығына ие, – деді Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Ринат Сартов.
Полиция мал иелерін жауапкершілікке шақырып, ауыл шаруашылығы жануарларын тек бақташы қарауымен немесе қоршалған аумақта ұстау қажеттігін ескертті. Түнгі уақытта мал міндетті түрде қорада немесе арнайы орындарда болуы тиіс.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қараусыз малдың жолға шығуы – барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпті. Мұндай оқиғалар кейде қайғылы салдарға әкеліп жатады, бұл жүргізушілер үшін ғана емес, мал иелерінің өздері үшін де ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін.