Екібастұзда жөндеу кезінде екі айдан артық ыстық сусыз қалдырмау тапсырылды
Облыс әкімі Асайын Байханов кеншілер қаласында жөндеу науқаны кезінде әр шағын ауданда ыстық судың болмау мерзімін дәл анықтауды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін өңір басшысы «Екібастұзжылуэнергиясы» ЖШС өкілдерімен кездесті.
Асайын Байханов Екібастұз қаласының әкімдігі мен «Екібастұзжылуэнергиясы» ЖШС басшылығына жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын әзірлеп, қала тұрғындарына жұмыстардың барысы мен оларды жүргізу мерзімдері туралы хабардар етуді талап етті.
- Мені нақты айтқанда ыстық су алаңдатады. Тапсырма осындай. 45-50 күннен астам ыстық сусыз отырмайтындай қылыңыздар. Мен сіздердің жұмыстарыңыз кестемен сәйкес келгенін әлі көрген жоқпын. Сіздер маған нәтиже көрсету керексіздер. Нәтиже шығара алмасаңыздар әрқайсыларыңыз жауап бересіздер, - деді Асайын Байханов.
Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін Екібастұзда магистральдық және орамішілік жылу желілерінің гидравликалық сынақтары өтеді. Осыдан кейін коммуналдық қызметтер барлық анықталған ақауларды жөндеуге кіріседі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Фото: Валерий Бугаев