«Күзгі асар»: Павлодар оқушылары қайырымдылыққа қаражат жинады
Балалар жәрмеңке аясында бизнес идеяларын таныстыруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы білім беретін мектепте «Күзгі асар» жәрмеңкесі өтті. Іс-шара оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды біріктіріп, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға, шығармашылық бастамаларды қолдауға және өзара көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Жәрмеңке «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының құндылықтарын іске асыруға бағытталған «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Песоцкаяның айтуынша, шараға төртінші және он бірінші сынып оқушылары белсенді қатысты. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарымен бірге қолдан жасалған бұйымдар, ерекше қолөнер туындылары, күзгі композициялар мен түрлі тағамдар әзірледі. Әрбір сауда орны өзіндік безендірілуімен және өнімдерді ұсынудағы ерекше тәсілімен көзге түсті.
Ал бітіруші сынып оқушылары үшін «Күзгі бизнес идея» атты арнайы бағыт ұйымдастырылды. Он бірінші сынып оқушылары өздерін жас кәсіпкер ретінде сынап көрді. Олар тауарларын өздері таныстырып, сауданы ұйымдастырды, сауда орындарын безендіріп, сатып алушылармен қарым-қатынас жасады.
Бұл тәжірибе жоғары сынып оқушыларына кәсіпкерліктің, жоспар құрудың, командалық жұмыстың және қаржылық жауапкершіліктің негіздерін іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді.
Жәрмеңкені ұйымдастыруға ата-аналар мен ата-аналар комитеттерінің өкілдері де белсенді атсалысты. Бірлескен дайындық мектеп пен оқушылардың отбасылары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.

Іс-шараның маңызды бөлігі қайырымдылыққа арналды. Өнімдерді сатудан түскен қаражат сыныптардың қайырымдылық мақсаттарына бағытталды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар балалардың шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, оларды еңбекке құрметпен қарауға, дербестікке, жауапкершілікке және айналасындағыларға көмектесуге тәрбиелейді.
«Күзгі асар» жәрмеңкесі мектептегі іс-шаралардың, білім беру, тәрбие және әлеуметтік міндеттерді ұштастыра алатынын көрсетті. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың бойында адал еңбек, өзара көмек және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етті.