Кеденді цифрландыру: Павлодар кеденінде декларациялар бірнеше минутта рәсімделуде
Қазақстанда кедендік рәсімдерді толық цифрландыруға бағытталған «Keden» ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа жүйе кедендік операциялардың барлық кезеңін – тауарды елге әкелуден бастап, оны шығарғаннан кейінгі бақылауға дейін қамтиды.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Тусетаевтің айтуынша, 2026 жылғы 11 сәуірден бастап жүйеде «Тауарларға арналған декларация» модулі іске қосылды. Жаңа модуль арқылы VIN-код бойынша жүк немесе жолаушылар декларациясымен рәсімделген көлік құралдарының кедендік тазартудан өткенін тексеруге мүмкіндік берілген.
«Keden» ақпараттық жүйесі бұрын қолданылған «Астана-1» жүйесімен салыстырғанда бірқатар маңызды артықшылыққа ие. Атап айтқанда, экспресс-жүктерді декларациялау толықтай электрондық форматқа көшірілді. Бұрын бұл рәсім қағаз жүзінде жүргізілетін.
– Сондай-ақ транзиттік рәсімдер де жеңілдетілді. Енді алдын ала ұсынылған ақпарат деректерді қайта енгізбей-ақ автоматты түрде транзиттік декларацияға айналады. Ал уақытша сақтау қоймаларындағы тауарларды есепке алу мен қамтамасыз етуді алу процестері толық цифрландырылып, бұрын инспекторлар қолмен атқарған жұмыстар автоматтандырылды, – деді басқарма басшысы.
Жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен де ықпалдастырылған. Қазіргі уақытта құжаттарды автоматты түрде алу үшін 29 интеграция іске асырылған, ал «Техникалық реттеу» ақпараттық жүйесін қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
«Keden» жүйесі «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда автотолтыру, логикалық тексеру және пайдаланушыларға арналған ішкі анықтамалық көмекші құралдар қарастырылған.
Павлодар облысында жүйе іске қосылғалы бері кеден бекеттерінде тауарларға қатысты үш мыңға жуық декларация рәсімделген. Тәуекелдер анықталмаған жағдайда декларацияны рәсімдеу мен шығару орта есеппен небәрі екі-үш минутты алады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, «Keden» ақпараттық жүйесін енгізу кедендік рәсімдерді жеделдетіп, адами факторды азайтуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.