Келесі жылы Павлодар көшелерінде көпжылдық раушан мен ирис гүлдейтін болады
Отырғызылатын гүлдерге бюджеттен 83 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында 6800 шаршы метр аумағында көпжылдық гүлдер отырғызылды. Ол үшін жергілікті климаттық жағдайда бейімделе алатын гүлдердің сорттары таңдалды: раушанның гибридті түрі («augusta luise», «plas», дольчетто, «super grand amore», «black baccarat») және ирис («black magic», «black cherry») гүлдері.
– Көпжылдық гүлдер көктемгі және күзгі кезеңде отырғызылады, алайда ауа райының қолайсыз жағдайының олардың жерсінбеуі байқалған еді. Сондықтан, Павлодар қаласының ТҮКШ және АД бөлімінің қызметкерлері барлық технологияларды сақтай отырып, көпжылдық гүлдерді күзгі кезеңде отырғызды,– деді қалалық әкімдікте.
Күзде отырғызылған өсімдіктер қыстың суық айларында оңай бейімделеді. Ал көктемде бейімделген гүлдер барлық күшін өніп, өсуге жұмсауға дайын болады. Оңтайлы ауа райы кезінде отырғызылған гүлдерге күтім жасау жұмыстары басталады.
Әкімдікте көпжылдық гүлдерге бюджеттен 83 млн теңге бөлінгенін атап өтті. Бұл сомаға көпжылдық гүлдерге күтім жасау жұмыстары, сондай-ақ отырғызу материалдары, тыңайтқыштар, қарашірікке жұмсалады.