Асайын Байханов 2026 жылға көзделген негізгі жоспарларын айқындады

Асайын Байханов 2026 жылға көзделген негізгі жоспарларын айқындады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Павлодар облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды ілгерілетуге бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

@pavlodar_region парақшасында шыққан сұхбатта аймақ басшысы Асайын Байханов алдағы жылға арналған жоспарлары жөнінде мәлімдеді.

– Барлығы экономикадан басталады. Сондықтан экономикамызды дамыту – біздің бірінші басымдығымыз, – деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ, жаңа инвестициялық жобалар өсіп келе жатқан жас ұрпақты, көші-қон бағдарламасы аясында келген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыста бірнеше ірі өндірістік жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Павлодар қаласында алкилат өндіретін зауыт, алтын өндіру зауыты, сондай-ақ жергілікті картоптан чипсы шығаратын кәсіпорын, күнбағыс майын қайта өңдейтін зауыттар салынуда. Осы жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті инфрақұрылыммен – электр энергиясы, су және жылумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

Екінші маңызды бағыт – тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру. 

– Бүгінгі күні облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 26 мыңға жуық адам тұр. Өткен жылы кезек 1 100 адамға қысқарғанымен, бұл көрсеткіш жеткіліксіз. Кейбір азаматтар 15 жылға дейін үй кезегін күтуде. Әсіресе көпбалалы аналар мен жалғызбасты ата-аналардың кезегі баяу жылжып келеді. Осыған байланысты Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және аудандарда тұрғын үй тапсыру көлемін екі есе арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл бағытта нақты шешімдер қабылданып, жұмыс күшейтілуде, – деді облыс әкімі.

Үшінші бағыт – ірі әлеуметтік және спорттық нысандардың құрылысы. Биыл Павлодар қаласында мұз сарайы, көпфункционалды спорт кешені және конгресс-холл салу жоспарланған. Сонымен қатар Екібастұз қаласында да мұз сарайы мен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Асайын Байханов әлеуметтік салада да атқарылатын жұмыстар әлі жеткілікті екенін атап өтті.

– Павлодар облысы республикалық олимпиадалық үздік командалар рейтингінде екінші орынға ие болды. Бұл – өңір оқушылары үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар WorldSkills чемпионаты бойынша орта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де республикада екінші орын алды. Бұл мамандандырылған колледждердегі білім сапасының жоғары екенін көрсетеді, – деді ол.

Аймақ басшысы 2026 жылы осы жетістіктерді сақтап, көрсеткіштерді төмендетпеу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Жобалар да, шешімін күткен мәселелер де бар. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен қолға алынып, жұмыс жалғасатын болады.