Кенжекөл ауылында серуендеу аллеясы жабдықталды
Ол жерде фотоаймақ орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл облыс әкімі Асайын Байхановтың бастамасымен алғаш рет әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін бонустық қорға жұмыс істей бастаған болатын. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков оның қалай жүзеге асырылып жатқанын Кенжекөл ауылын аралау барысында тексерді.
– Мұнда бонустық қордың қаражаты есебінен жергілікті тұрғындар үшін кіре берісінде жарқыраған аркасы бар серуендеу аллеясы жабдықталды. Орындықтар, урналар, спорттық жабдықтар, өздігінен суарылатын гүлзарлар орнатылды. Фотоаймақ ұйымдастырылды. Қысқасы, қазір бұл серуендеу алаңы қаланың аллеяларынан кем түспейді,– деп жазды шаһар басшысы Instagram парақшасында.
Сондай-ақ, бонустық қордың арқасында ауылда тартан жабындысы және ойын формалары бар үш жаңа ойын алаңы пайда болды. Барлық жаңа нысандарда бейнебақылау камераларын орнату көзделген.
– Келесі жылы қала маңында тағы 5 ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Байдала және Долгое ауылдарында да салынады. Сол арқылы ойын алаңдарына деген қажеттілікті толығымен жабамыз. Тұрғындар үшін мұнда өмір сүру барынша ыңғайлы болуы тиіс,– деді Хасар Хабылбеков.
Кенжекөлде жолдар тұрақты түрде жаңартылып келеді. Биыл жалпы ұзындығы 4,5 шақырымнан асатын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда ауылды асфальтпен қамтамасыз ету көрсеткіші 94,5% құрайды.
Әкімдік қала маңындағы елді мекендерді жоспарлы абаттандыруды жалғастырады.