Қарап тұрды: Ертіс орманы аумағында сілеусін объективке түсіп қалды (ВИДЕО)
Жыртқыш аң жүрген кезде ешбір дыбыс байқалмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Видео «Ертіс орманы» резерватының әлеуметтік парақшасында жарияланды. Орман ішінде жүрген жыртқыш аңды желі қолданушыларының бірі түсіріп алған.
– Орманда келе жатқан едік. Сілеусін дәл автокөліктің алдынан секіріп өтті де тұрып қалды. Сол кезде видеоға түсіре бастадым. Ол сол уақыт бойы қарап тұрды, – дейді желі қолданушысы Жанна Габдушева.
Желі қолданушылар видеороликті жоғары бағалап, табиғатты аялауға шақырған.
Сілеусін таулы алқаптардың қылқан және жалпақ жапырақты орман өскен белдеулерінде таралған. Мысықтар отрядына жататын ең әдемі аң, ол ешқашан адамға бірінші болып шабуыл жасамайды. Ол жүргенде немесе секіріп қарғығанда артқы аяқтары алдыңғы аяқтарының ізін басады. Дене тұрқының ұзындығы 87-104 см, салмағы 13,2-23,2 келіге дейін жетеді.
Тырнақтары мен тістері жақсы дамыған әрі өткір болады. Көзі өте қырағы, есту қабілеті де жақсы дамыған. Ағаш басына және жартастарға жылдам өрмелеп шыға алады. Қатты секірген кезде 3,5-4 метр қашықтықты қамтиды. Қорек іздеген кезде тәулігіне 10-15 шақырым жерге бара алады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видео: @ertisormany_2003