«Kieli Tabigat»: Павлодар облысының жастары Баянауылды қоқыстан тазартты
Республикалық акция Сабындыкөл аумағында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен жастар ұйымдары киелі аумақтарды тазарту мақсатында «Kieli Tabigat» атты бірыңғай республикалық экологиялық акциясы барысында әр өңірде сенбілік өткізілді. Павлодар облысында тұжырымдамаға сәйкес Баянауыл ауданының аумағы таңдалды. Белсенді жастар құрамы Сабындыкөл көлін тазартуға аттанды.
Акцияға «Жасыл Ел» МТО жауынгерлері, Павлодар педагогикалық университетінің студенттері, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ресурстық орталықтары, эковолонтерлер, сондай-ақ Баянауыл ауданының жергілікті тұрғындары қатысты. Олар киелі аумақты жинап, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға атсалысты. Іс-шара қорытындысы бойынша 50 қап қоқыс жиналды. Айта кетейік, акцияның басты үндеуі – «Бізге берілген нәрсені бағалап, одан әрі ұрпаққа беру».