Павлодарда жарымжан жандарды оңалту орталығы салынады
Мекеме 150 орынға есептелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының алаңында кеңес мүшелері, шенеуніктер, сарапшылар мен қоғам белсенділері 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп қана қоймай, мүгедектерге арналған көпсалалы оңалту орталығының жобасын талқылады.
Орталықтың құрылысы «Әлеуметтік нысандарды дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады және медициналық-психологиялық оңалтудан бастап өзін-өзі күту дағдыларын үйрету мен шығармашылық дамуға дейінгі кешенді тәсілді қамтиды.
Бірінші мердігер «Қаз Нұр» ЖШС нысанның құрылысын мерзімінде аяқтай алмай, 2022 жылы келісімшарт бұзылған. Жаңа серіктес –НИПиЭ «Апогей» ЖШС жобалық құжаттаманы сәтті әзірледі. Енді тек медициналық жабдықты бекіту қалды.
– Біздің мақсатымыз – денсаулықты қалпына келтіру ғана емес, адамды қоғамға қайтару, операциядан немесе ұзақ емделуден кейінгі кедергілерді жеңуге көмектесу, – деді мемлекеттік органдардың өкілдері.
Спикерлер әрі қарай жөндеу жұмыстарын жүргізгенде 25 жылдық мерзімі бар материалдарды пайдалануға кеңес берген.
Ақпан айында ескертулерді жойып, сараптамадан өту жоспарланып отыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, бірінші жартыжылдықта рұқсат алып, қаржыландыру мәселесін шешімін табады.
«АМАNАТ» партиясының депутаттары көптеген жаңа нысандар іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайсыз болып қала беретінін атап өтті.
Кеңес қолжетімділік бойынша сарапшыларды тартуды және топырақ пен ауа сапасы туралы деректерін СЭС-ке ұсынуды бұйырды. Жобаны пысықтау үшін басқа өңірлердің тәжірибесін есепке алатын жұмыс тобы құрылады.