Павлодарда әйелдердің ғылымдағы рөлі талқыланды
Кездесуге «AMANAT» партиясының өкілдері мен университет ғалымдары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде «AMANAT» партиясының пилоттық жобасы аясында «Әйел және ғылым: шексіз мүмкіндіктер» атты пікір алаңы өтті. Шараның мақсаты – ғылымдағы әйелдердің үлесін арттыру, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және шешімін күткен мәселелерді ортаға салу.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі қоғамда әйелдің рөлі тек үй шаруасымен шектелмейді. Бүгінде ғылыммен айналысамын деген қыз-келіншектер үшін барлық мүмкіндік бар. Дегенмен, ғылым жолында әлі де шешілмеген сұрақтар мен кедергілер кездеседі.
– Ғылымда, қоғамда, әлеуметтік салада әйелдердің рөлі ерекше. Әйелдің қолынан бәрі келеді. Алайда ғылымда шешу керек сұрақтар әлі де бар. Біз сол жолдарды бірлесіп қарастыруымыз керек, – облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының төрағасы Света Абдраманова.
Шараға қатысқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко өндірістік салаларда да әйелдердің үлесі артып келе жатқанын атап өтті. Ол жақында өткен ірі кәсіпорында өткен кездесуді мысалға келтірді.
– Тіпті ауыр өндіріс саналатын көмір кеніштерінің өзінде әйелдердің мүмкіндігін кеңейту туралы әңгіме жүріп жатыр. Қазіргі технологиялар бұл саланы әйелдер үшін де қолжетімді етеді. Бізге ғылыммен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Зерттеулер жалғасын табуы үшін біз ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз. Тіпті университетпен меморандумға дейін баруға болады, – деді ол.

Пікір алаңында сөз сөйлеген «жылу энергетикасы» кафедрасының профессоры Ұлтуар Жалмағамбетованың айтуынша, ғылым – тынымсыз еңбек пен табандылықты талап етеді.
– Біз сіздерге дайын нәтижені көрсетеміз, ал оған жету үшін күнделікті еңбек, тіпті түнгі жұмыстар қажет. Әйелдер үшін бұл жол одан да күрделі, бірақ еңбектің жемісі ерекше бағалы – деді Ұлтуар Жалмағамбетова.
Шарада партияның басқа да бастамалары, соның ішінде цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектті қолдану және зейнет жасындағы азаматтарға арналған оқыту жобалары талқыланды. Спикерлердің айтуынша, цифрлық технологияны меңгеру бүгінгі күні ғылымда да, тұрмыста да аса қажет.
Пікір алаңы университет қабырғасында ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға негіз болды.