МӘМС-ке 12 ай жарна төлемеген павлодарлықтар қажетті медициналық көмек ала алмайды
Павлодарлықтар қорға аз жарна төлеп, көмекке көп қаржы алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қасымов мәлім етті.
- Қордың 2017 жылы ашылғанына қарамастан қазір 131 мыңға жуық павлодарлық әлі күнге сақтандырылмаған. 2017 жылдың шілдесінен бері 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша қорға Павлодар облысы тұрғындары 72 миллиард теңге жарна төледі. Бұл тұрғыда осы жылы МӘМС жүйесінде облыстың тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін қор 88 миллиард теңге бөлді. Яғни, павлодарлықтар қорға аз ақша салады да, республикалық бюджеттен көп ақша алады, - деді Нұрлан Қасымов.
Спикердің айтуынша, адамдар ауырып қалған жағдайда дәрігерге келсе, ол адамда соңғы 12 айда МӘМС-ке жарна төленбеген болса, онда медициналық көмек көрсетілмейді.
- Бұл жерде дәрігерлер ол адам жарна төлеген-төлемегенін көре алмайды. Тек ол адамның «сақтандырылған» деген мәртебесі бар-жоғын көреді. Ал, соңғы 12 ай жарна төлемеген адамға ол мәртебе берілмейді. Енді өзгерістер бойынша ол қарызды төлемей, адамдар бір жолда 12 ай үшін 42 мың теңге төлеп, ол қаржыны алдын ала төлем ретінде жасап, «сақтандырылған» мәртебесін ала алады. Яғни, ол адам 12 айға алдын ала төлеген болып саналады және келесі айларда да көмек ала алады, - деді Нұрлан Қасымов.
Нұрлан Қасымов облыста сақтандырылмаған 131 мың адамның ішіндегі 86 829 адам соңғы 12 айда бірде-бір рет жарна төлемегінін атап өтті.
Ал, 12 айға алдын ала төлем жасау мүмкіндігін Павлодар облысының 800 тұрғыны пайдаланған.
Фото: ашық дереккөздерден