Мәжіліс депутаттары: «Әкім сайлауына асығуға болмайды»
Ерлан Саиров пен Мархабат Жайымбетов аудан әкімдерін тікелей сайлауды уақытша тоқтата тұруды ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров пен Мархабат Жайымбетов осы маңызды бастама туралы сөз қозғады. Ерлан Саиров Қазақстанның соңғы бес жылда ірі қадамдар жасап, бүгінде әрбір деңгейдегі әкімдер мен мәслихат депутаттарының сайлауы тұрақты өтіп жатқанын атап өтті. Алайда, кез келген үдерістің пысықтайтын тұстары болады.
Депутат Ерлан Саиров ауыл әкімдерінің сайлауы толық енгізілгенімен, олардың құзыреті мен әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін заң аясында кеңейтіп, төртінші бюджетті қалыптастыру тетіктерін әлі де реттеу қажеттігіне тоқталды. Аудан әкімдерін пилоттық форматта сайлауға кірісіп, 52 әкім сайланғанымен, бұл тәсілдің тиімділігі әлі толық сараланбаған. Ол тіпті, сайланған аудан әкімдерінің арасында бір жылға жетпей жұмысынан кеткендер барын алға тартты.
Әріптесін қолдаған Мархабат Жайымбетов бұрын қала мен аудан әкімі болғандықтан, мәселені терең түсінетінін айтты. Оның айтуынша, аудан әкімдерінің құзыреті аз, ал жауапкершілігі көп. Мысалы, білім, денсаулық, ветеринария салалары бойынша шығыстар облыстық бюджетте қалып, кірістері аудан бюджетінде болады.
– Тек биылдың өзінде өткен алты аудан әкімі мен бір облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауына мемлекеттік бюджеттен бір миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Осы шығын ақталды ма? – деген сауал қойды депутат Ерлан Саиров.
Сондай-ақ, аудан әкімдерінің функционалдық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, сайлану үшін берген уәделерін орындай алмай, халықтың сайлауға деген сенімі төмендеп жатқанын жеткізді.
Қос депутат аудан әкімдерін сайлау мәселесінде асығыстық танытпай, жан-жақты зерделенген тәсіл қажет екенін баса айтты. Ауылдық округ әкімдерінің сайлау жүйесі бес жыл бойы кезең-кезеңімен енгізілгені сияқты, аудандық деңгейдегі сайлауға да дайындық қажет.
Олар ең алдымен ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейтіп, қолына бюджет беру арқылы тәжірибелі, кәсіби кадрлар корпусын қалыптастыру маңызды екенін алға тартты. Бұл – болашақта аудан әкімдерін сайлауға дайын азаматтар резервін құрудың негізі.
Сөз соңында депутаттар Жергілікті өзін-өзі басқару, Мемлекеттік қызмет және басқа да заңдарға қажетті нормалар толық енгізіліп, жүйеленгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауына уақытша тоқтау қоюды ұсынды. Бұл ұсыныс – саяси процесті шектеу емес, керісінше, демократиялық норма мен процедураларды жетілдіруге бағытталған.