Қазақстанда жалдамалы пәтер құны арзандап келеді
Өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда биыл жалдамалы пәтер құны 2,5%-ға төмендеді. Дегенмен бастапқы және екінші нарықтағы баспаналар қымбаттаған.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
Бюро дерегінше, былтыр желтоқсаннан биылғы қаңтар аралығында жаңадан салынған тұрғын үйлердің бағасы 0,7%-ға қымбаттап, бір шаршы метрі 481 891 теңгеге жеткен. Бұл ретте баға көтерілген өңірлер көшін Ақтау қаласы бастап тұр. Аталған шаһарда бір жыл ішінде жаңа баспана құны 28,2%-ға өскен. Ақтөбеде өсім 25,4% болса, Петропавлда баға 20,9%-ға көтерілген.
Ал екінші нарықтағы пәтерлер Семейде - 46,8%, Қызылордада - 38,8%, Ақтөбеде - 37,3%, Ақтауда - 35,4%, Талдықорғанда - 32,9% және Қостанайда 31%-ға қымбаттаған.
Мәлім болғандай, жалдамалы пәтер бағасы Қостанай (55,6%), Көкшетау (55,1%) және Алматы (50,7%) қалаларында жоғарылаған.
Сонымен қоса пайдалануға енді берілген баспаналарды қайта сататындар бағаны 0,3%-ға () көтеріп, бір шаршы метрін 515 019 теңгеден саудалап жатыр.
Бұл орайда жөндеу жұмыстары жүргізілген, тұруға қолайлы жағдай жасалған тұрғын үйді жалдау құны әр шаршы метрі үшін - 4 671 теңге.