«Махаббат аялдамасы»: Павлодарда романтикалық кеш өтеді

«Махаббат аялдамасы»: Павлодарда романтикалық кеш өтеді
Фото: облыстық Иса Байзақов атындағы филармония

Көрермендер үшін махаббат туралы лирикалық әуендер шырқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда «Махаббат аялдамасы» романтикалық кеші өтеді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күніне орай «Ретро» тобы джаз оркестрі мен «RUH» этно-фольклорлық тобының сүйемелдеуімен махаббат туралы ән шырқайды.

– Көктем – адамдардың жүрегі мен санасы асқақ сезімдерге толы жылдың ең тамаша мезгілі. Көрермендер өз жақындарына арналған әндерді, Отанға деген сүйіспеншілік туралы, бізді қоршаған барлық жақсылық пен әдемілікке деген сүйіспеншілік туралы шығармаларды тыңдайды. Лейтмотив 90-шы жылдардағы әйгілі қазақ режиссері Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» фильмі болса, фильмнің тамаша музыкасын тағы бір атақты жерлесіміз, заманымыздың ең романтик композиторы Төлеген Мұхамеджанов жазған, – дейді «Ретро» ансамблінің көркемдік жетекшісі Айжан Жетпісбаева.

«Ретро» тобы жаңа құраммен сахнаға шығатын болады. Көрермендер үшін махаббат туралы лирикалық әндер мен әуендерді, оның ішінде қазақ авторларының «Сағындым сені», «Сен», «Келші жаныма» әндері орындалады. Хореографияны «Шернияз» ансамблі қояды.

Концерт 11 сәуір күні сағат 19:00-де өтеді. Билеттерді филармонияның кассасынан немесе «Тикетон» сайтынан сатып алуға болады.