Майқайыңда мұғалімдер мен тәрбиешілер Мағжанның шығармашылығы бойынша сынға түсті
Байқауға Үшқұлын, Майкөбе ауылының үміткерлері де қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Майқайың кентіндегі «Кенші» мәдени-сауық орталығында қазақ поэзиясының алыбы, ұлт мақтанышы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Мен жастарға сенемін» әдеби байқауы өтті.
- Байқауда мектеп мұғалімдері мен балабақша қызметкерлері бақтарын сынады. Байқау екі бөлімнен тұрды. «Толқынмен толқын сырласып» бөлімінде ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша сұрақтар қойылды. Ал, «Өлең менің- Шолпаным, айым, Күнім» бөлімінде қатысушылар ақынның бір өлеңін мәнерлеп жатқа оқып шықты, - деді «Кенші» мәдени-сауық орталығының әдіскері Аяжан Күлғожа.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Мұхтар Әуезов атындағы мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әзімхан Аблаев жеңіп алды. Ол ақынның «Анама хат» өлеңін мәнерлеп оқыды.
1-орынды Үшқұлын мектебінің мұғалімі Айдан Ақберген, 2-орын Мұхтар Әуезов атындағы мектептің даярлық сыныбының мұғалімі Аяулым Сайфуллина, 3-орынды Майқайың кенті сәбилер бақшасының қызметкері Айман Тілеухан еншіледі.
Сондай-ақ «Жауһар жыр» номинациясымен Мұхтар Әуезов атындағы мектептің мұғалімі Толқын Смағұлова, «Көрермен көзайымы» номинациясымен №2 Майқайың мектебінің мұғалімі Бердігүл Табиғат марапатталды.
Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Фото: «Кенші» мәдени-сауық орталығы