Павлодарлық оқушы республикалық Шәкәрім оқуларының финалдық кезеңіне қатысады
Ол республикалық кезеңнің бірінші айналымында үздік бестікке енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен 1 ақпан мен 6 наурыз аралығында Қазақстан кітапханаларында жас оқырмандар мен оқушылар арасында Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Шәкәрім оқулары» атты республикалық Шәкәрім мұраларын жатқа айту байқауы өтті.
- 28 ақпанда Павлодардағы С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында байқаудың облыстық кезеңі өткізілді. Қатысушылардың өнерін филология ғылымдарының докторы, Торайғыров университетінің профессоры, академик Айтмұхамбет Тұрышев төрағалық еткен қазылар алқасы бағалады, - деді облыстық кітапханада.
Байқау нәтижесінде Павлодар қалалық № 38 мектебінің 7-сынып оқушысы Гүлназ Бақберген жеңімпаз атанды.
6 наурыз күні байқаудың республикалық кезеңінің алғашқы айналымы ZOOM платформасында онлайн түрде өтті. Павлодарлық Гүлназ Бақберген үздік бестікке енді.
Гүлназ 27 наурызда Астана қаласындағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада өтетін финалдық турға жолдама алды.
Фото: С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана