Павлодарда мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсететін маман анықталды

Павлодарда мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсететін маман анықталды
Фото: Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Олар мемлекеттік тілде  қызмет көрсету бойынша жарысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» байқауы өтті. Бұл байқауға бес ұйымның қызметкерлері қатысып, бақ сынады. 

Аталмыш байқауда Ә.Марғұлан университетінің профессоры Бекен Сағындықұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысы филиалының төрағасы Серік Елікбаев, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ажар Абылғазина қазылық етті.

- Бұл байқау былтыр да ұйымдастырылған болатын. Байқау ережесі бойынша өткен жылы жеңімпаздар биылғы кезеңге қатыса алмайды. Бұл байқауда мемлекеттік қызметкерлере өзара аудармашылық, шағармашылық, кәсіби шеберліктер бойынша сайысады. Айта кету керек, биыл бұл байқауға «Трамвай» басқармасының қызметкерлері қатысып отыр. Бұл басқармада бір-екі жыл көлемінде «Мемлекеттік тілде оқыту кабинеті» ашылған болатын. Аталмыш команданың деңгейін бақылап, көретін боламыз, - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Садуақас. 

Байқау қорытындысы бойынша қазылар шешімімен үшінші орынды Павлодар қалалық № 3 халыққа қызмет көрсету бөлімінің «Туған тіл» командасы алса, екінші орынды «Ertis Digital» ЖШС-ның қызметкерлері, «Ақ берен» командасы иеленді. Бірінші орынды Павлодар қалалық № 2 халыққа қызмет көрсету бөлімінің «Сұңқар» командасы иеленіп, жүзден жүйрік атанды. 

Сонымен қатар, «Қырандар» (Павлодар қалалық трамвай басқармасы) және «Халық жастары» («Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалы) командалары аталған байқауға белсенді қатысқандары үшін қаржылай сертификаттарға ие болды.