Май ауданында қоғамдық орынға мас күйінде келуді қоймаған екі тұрғын қамауға алынды
Олардың екеуіне де алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 1 ақпанда сағат 11.30-да Көктөбе ауылында мас күйінде жүрген 44 жастағы ауыл тұрғынын тоқтатқан. Медициналық куәландыру оның орташа деңгейде мас екенін көрсеткен.
– Учаскелік полиция қызметкерлері ер адамды 2022 жылдың желтоқсан айында осындай құқық бұзушылық үшін полицияға жеткізілгенін анықтады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары 2 ақпанда сағат 15.40-та Көктөбе ауылының 56 жастағы жергілікті тұрғынын ұстады. Медициналық куәландыру ауыл тұрғынының орташа деңгейде мас екенін көрсеткен. Ол былтыр сәуір-мамыр айларында мас күйінде ұсталған. Екеуі де сол кезде ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Май ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жандос Айтмұхамбетов.
Екі азамат та бір жыл ішінде қоғамдық орында мас күйінде пайда болғаны үшін жауапқа тартылғандықтан, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотта қаралды. Сот қаулысымен 44 жастағы ауыл тұрғыны бір тәулік мерзімге, 56 жастағы тұрғын екі тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Олардың мінез-құлқына үш ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бастап полицейлер алкогольдік ішімдіктерді ішудің және қоғамдық орында мас күйінде пайда болудың 735 фактісін тоқтатты.