Павлодарда «HAS» қаржылық пирамидасы ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды

Павлодарда «HAS» қаржылық пирамидасы ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бірінші сатыдағы сот аталған істің фигуранттарына қатысты айыптау үкімін шығарған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «HAS» қаржылық (инвестициялық) пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымдарды қарады.

Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды, ал сотталғандардың шағымдары қанағаттандырылған жоқ.

Сот тергеуі барысында айыпталушылардың Қазақстан аумағында бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атын жамылып, заңсыз қаржылық пирамида құрғаны мен басқарғаны дәлелденді. Бұл компанияларға «Holding AS» ЖШС, «Upgrade-AS» ЖШС, «Improved» ЖШС, «Light-AS» ЖШС, «BM-be great» ЖШС, «Young AS» және «ХАС-Логистик» ЖШС-ры кірген.

Еске салсақ, 2025 жылғы 14 наурызда бірінші сатыдағы сот аталған істің фигуранттарына қатысты айыптау үкімін шығарған болатын. Тергеу мәліметінше, олар «HAS» брендімен ешқандай заңды кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызмет жүргізбестен, азаматтардың қаржысын тартқан. Салымшыларға жылдық табыстылық 70 пайызға дейін жетеді деп уәде берілген.

Залалдың жалпы сомасы төрт миллиард теңгеден асты. Ал түскен қаражат іс жүзінде инвестициялық мақсатта емес, ұйымдастырушылардың жеке баюына жұмсалған.

Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қаржылық пирамиданы ұйымдастыру мен таратудың өзге де қатысушыларына қатысты қосымша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

77 салымшы жәбірленуші деп танылып, олардың жалпы шығыны шамамен 500 миллион теңгені құрайды.

Экономикалық тергеу департаменті «HAS» қаржылық пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды Павлодар қаласы, Толстой көшесі, 98 мекенжайына немесе 8 (7182) 61-33-05 телефонына хабарласуға шақырады.