Май ауданының түлектері үздік оқушыларға лагерьге жолдама сыйлады

Май ауданының түлектері үздік оқушыларға лагерьге жолдама сыйлады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Түлектер бұл қайырымдылық акциясын бесінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Май ауданына қарасты Малайсары жалпы орта білім беру мектебінің түлектері мектептің үздік оқушыларына жыл сайын лагерьге жолдама сыйлауды дәстүрге айналдырған. Биыл 12 оқушы Бурабайдағы IQanat High School of Burabay ұйымдастырған «Айқанат» жазғы лагеріне аттанды. Акция «Лагерьге жолдама сыйла!» деп аталды. Бұл мақсатқа түлектер 6 миллион теңге қаражат бөлген.

Лагерь 24 маусымнан 8 шілдеге дейін жалғасады. Онда республикалық олимпиадаларда, ғылыми-зерттеу жобаларында және спорттық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушылар қатысуда. Бағдарламада ағылшын және қазақ тілдерінен интенсивті курстар, сондай-ақ ағаш өңдеу, қолөнер, садақ ату, бағдарламалау, қаржылық сауаттылық, домбырада ойнау, футбол, волейбол, хореография, актерлік шеберлік, киіз үй құрастыру және атқа міну үйірмелері бар, – деді ауданның білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.

Мектеп директоры Анар Жетiбаеваның айтуынша, түлектер бесінші жыл қатарынан осындай сый жасап отыр. Бұған дейінгі үш жылда оқушылар Алматы қаласына, соңғы екі жылда Бурабайға барып қайтқан. Бір баланың жол шығынын қоса есептегендегі жолдамасының құны – 350 мың теңге.