Май ауданының Жұмыскер ауылында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

Май ауданының Жұмыскер ауылында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді
Фото: Жұмыскер ауылының әкімдігінен

Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қаңтар айының басында өңірлік коммуникация қызметінің алаңында Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев Ақшиман, Ақжар, Май, Майтүбек, Жұмыскер ауылдарында шағын футбол алаңдарын салу жоспарда бар деп айтқан болатын. Аталмыш ауылдарда спорт алаңдары жоқ, алайда оларды орнату жұмыстары қызу жүруде. Мысалы, жуырда Жұмыскер ауылында спорт алаңы ашылды.

Салтанатты ашылу рәсімінде ауыл азаматтары алаңның лентасын қиып, салтанатты жиынның шымылдығы түрілді.

– Бұл жоба маусым айында басталып, 30 шілдеде толық аяқталды. Өлшемі 20×40 метрді құрайтын жасыл алаңның құны 16 миллион теңгеден асады. Қауіпсіздік шаралары толық ескеріліп, қоршау, жарық шамдар мен бейнебақылау құрылғылары орнатылған,– дейді ауыл әкімі Серік Құсайынов. 

Сонымен қатар, Жұмыскер және Қызылеңбек ауылдарының командалары арасында жолдастық футбол кездесуі өтті.

«Павлодар жолдары» ЖШС директоры Рүстем Мазгутовқа, «Стой Груп PVL» ЖШС мердігер компаниясының басшысы Рүстем Смағұловқа және «Досжан» шаруа қожалығы алаңның жабдықтарын сатып алуға қолдау білдірді.

Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, бос уақытын тиімді өткізуіне мол мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұнда футбол үйірмесі ашылып, түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылмақ. Қазіргі таңда ауылда волейбол үйірмесі жұмыс істеуде.