Майқайың кенішіндегі қайғылы оқиғаға қатысты тергеу басталды

Майқайың кенішіндегі қайғылы оқиғаға қатысты тергеу басталды
Фото: ТЖМ

Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

– Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, –деп хабарлады  облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілмейді.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. 

ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич. Тағы екі адамды іздеу жалғасуда.

Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан әрбір отбасына 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетін болады.

Сондай-ақ мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.