Механиктерден трамвай жүргізушілеріне дейін: «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының игілігін кімдер көре алады

Механиктерден трамвай жүргізушілеріне дейін: «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының игілігін кімдер көре алады
фото: автор

Тұрғын үй бағдарламасы бойынша сегіз мыңнан астам жұмысшы мамандық иесі пәтерлі бола алады, деп хабарлайды @Pavlodarnеws.kz тілшісі.

Бағдарламаға қатысу шарттары туралы «Отбасы банк» АҚ жергілікті филиалының өкілдері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен диалог алаңында айтып берді. Өндіріс ошақтарының мамандары бағдарламаға өтініш беру, құжаттарды тапсыру туралы ақпарат алды.

Павлодар мұнай-химия зауытының  метрология жөніндегі технигі Полина Санкина әзірге ата-анасымен бірге тұрады. Жас маман болашақта жеке пәтер сатып алуды армандайды.

- Алдағы уақытта депозит ашық, қаржы жинамақпын. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатысып көрсем деймін, себебі, мамандығым қатысушы атануға мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтар үшін арнайы бағдарламаның болуы қуантады, - дейді Полина Санкина. 

«Отбасы банк» АҚ филиалының өкілі Мейрам Бағадатов жұмысшы мамандық иелерінің сұрақтарына жауап берді.

- Өтініштерді қабылдау 17 наурызда басталады. Ел бойынша 72 млрд теңге бөлінеді. Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлердің банкте депозиті болуы керек. Депозит мерзімі маңызды емес, шотты өтініш берер алдында ашуға болады. Банктегі жинақ шотында кемінде 2 млн теңге болуы шарт. Соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында бір реттік төлеммен салуға болады. Сонымен қатар, соңғы 5 жыл ішінде өтініш берушінің өзі мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы қажет. Соңғы 6 айда ресми табысты көрсету керек. Бұл ретте анықтама берілген жұмыс орнынан аударылған, кемінде соңғы үш айдағы міндетті зейнетақы жарналары болуы тиіс, - дейді Мейрам Бағадатов.

Заемның ең жоғары сомасы – өңірлер үшін 30 млн теңге, Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңге. Павлодар қаласында баспананы бастапқы тұрғын үй секторынан алуға болады. Ал Ақсу және Екібастұз қалаларында бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерлер қолжетімді болмақ. 

Қаржы институты арқылы облыс орталығында үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді жүзеге асырылмақ. Банк қызметкерлерінің ақпараты бойынша, баспаналар Усолка шағын ауданы, Шевченко-Катаев көшелерінің қиылысы мен Лермонтов көшесінің бойында орналасқан. 

Айта кетейік, бағдарлама туралы мамандар Павлодар қаласындағы банктің бес орталығында кеңес береді. Кеңселер ертең түске дейін ашық.