Павлодарлық кәсіпкерлерге «Мобильді прокурор» қосымшасының жұмысы түсіндірілді

Павлодарлық кәсіпкерлерге «Мобильді прокурор» қосымшасының жұмысы түсіндірілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шара химия және металлургия салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпорындардың өкілдерін біріктірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының прокуроры Ерлан Салханов «INVEST CARAVAN» акциясы аясында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларымен кездесті. 

Кездесу барысында прокуратура органдарының бизнесті қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмысының нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жедел байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Мобильді прокурор» қосымшасының мүмкіндіктері түсіндірілді.

Ашық диалог форматында өткен жиында бизнес өкілдері салықтық және кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ «Жасыл дәліз» тетігін пайдалану тәжірибесіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Акция аясында қала прокуроры «Еуразиялық механикалық зауыт», QazRoyalPak және Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты кәсіпорындарын аралады. Кездесулер барысында инвестициялық жобаларды іске асыру барысы, өндірістік қызметтің қазіргі жағдайы және мемлекеттік қолдауды қажет ететін мәселелер талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша кәсіпкерлер тарапынан көтерілген барлық өтініштер мен ұсыныстар Павлодар қаласы прокуратурасының бақылауына алынды. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді азайту және өңірдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.