Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Ол боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды.

– Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз. Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланғанын, мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылғанын, ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылғанын атап өтті.

Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған сегіз мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр.

Саяси қуғын-сүргін – тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес. Мысалы, АЛЖИР-де алпыстан астам этнос өкілдері қамауда болды. Сондықтан сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында.

Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыдан бес жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды, – деді мемлекет басшысы.

Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалған. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.

Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс.

– Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет екенін тілге тиек етті. Бұл – аксиома. Ұлтымыздың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс.

Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі, деді мемлекет басшысы.

Ол қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсергенін, сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет екенін атап өтті. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек.