Жеті қазақстандық Самара маңындағы апатта зардап шекті

Жеті қазақстандық Самара маңындағы апатта зардап шекті
Фото: ҚР ДСМ

Ресей аумағында қазақстандық азаматтардың қатысуымен болған ЖКО туралы хабардан кейін оқиға орнына шұғыл түрде алты жедел жәрдем бригадасы жолға шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Қр Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Самара – Большая Черниговка» тас жолында (РФ Самара облысы) автомобиль апатынан зардап шеккен Қазақстанның алты азаматы, оның ішінде екі бала алты  санитарлық автокөліктің көмегімен Орал медициналық мекемелеріне тасымалданды. Тағы бір зардап шеккен отандасты ТЖ департаментінің бригадасы жеткізді. 

Зақымдар мен жарақаттардың ауырлығын ескере отырып, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін бригадалардың құрамында балалар мен ересектер травматологтары, хирургтар, нейрохирург, реаниматолог, алты фельдшер болды. 

Апаттан зардап шеккендерде мидың шайқалуы, аяқ-қолдардың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, көгеру, гематома және орташа ауырлық дәрежесіндегі көптеген жарақаттар тіркелді. 

Таңертең ерте зардап шеккен бес ересек адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасына, екі бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына емдеуге жатқызылды, онда оларға медициналық көмектің толық көлемі көрсетіледі.

Бригадалардың тасымалдауы барысында пациенттердің жай-күйінің нашарлауына жол берілген жоқ.