Жұмысқа тұра алмайды: Павлодарда қатты музыка қойғандар жазаланды
Күн жылығаннан бері көлігінде қатты музыка тыңдайтын автокөлік жүргізушілеріне қатысты шағымдар артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде Транспортная көшесі, 35/1 үйінің тұрғындарынан белгісіз адамдардың көлікте музыканы бар даусымен тыңдап жатқанын айтып, шағымданғаны туралы қоңырау түскен. Көрсетілген мекенжайға патрульдік полиция батальонының автопатрулі жіберілген.
– Автокөлік иелері музыканы бар дауысына қосып, бізге, яғни тұрғындарға қолайсыздық тудырады, – дейді қала тұрғыны. – Әрине, біздің екі жасар баламыз мұндай шулы музыкадан оянып кетеді. Біз де ұйықтай алмаймыз, ал жұбайым таңғы сағат бесте жұмысына тұра алмайды.
Сол түні осындай қоңыраулар Лермонтов көшесі, 107, Ордженикидзе көшесі, 31, Майра көшесі, 49 және Қамзин көшесі, 67/1 мекенжайы бойынша орналасқан үйлердің тұрғындарынан да түскен.
Тыныштықты бұзған азаматтарға қатысты тәртіп сақшылары хаттама толтырып, әрқайсысына бес АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Ведомствода егер музыка көшеден қатты естілсе және мазаңызды алса, ескертулеріңізге құлақ салмаса, дереу полиция қызметкерлерін шақыруға кеңес береді.