Жаңа туған павлодарлық облыс әкімінің құрметіне аталды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов нәрестеге зор денсаулық пен армандарының орындалғанын тіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
43 жасар Ертіс ауданы Қызылқақ ауылының көп балалы анасы Марал Мүбәракова алтыншы балаға жүктілік кезінде көктемде денсаулығы күрт нашарлап, санитарлық авиация күшімен жедел түрде Павлодар облыстық перинаталдық орталығына жеткізілді. Екі апталық ем-шаралардан кейін жүктіліктің 30 аптасында арнайы ота арқылы босанады.
Әрине, мұндай жағдайдан кейін шала туған шақалақтың өміріне зор қауіп туды. Алайда, перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің уақтылы әрі шебер іс-әрекеттерінің нәтижесінде туған небары 1,6 келі болған Асайын есімді Павлодар облысының жаңа тұрғыны қазірде 2,6 келі салмақ жинап, үйге қайтуға дайындалуда.
- Менде өте күрделі плацента превиа диагнозы болды. Мені аудандық ауруханадан санитарлық авиация 45 минутта Павлодарға жеткізді. Патология бөлімінде екі апта болдым, дәрігерлер жақсы қарады. Қазір бәрі жақсы, көңіл-күй жақсы, дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, баланың жағдайы жақсы. Баламыздың атын облыс әкімі Асайын Байхановтың құрметіне қойдық. Біз оның өзі сияқты әділ, жақсы адам болғанын қалаймыз. Әкім бізді құттықтап үлгерді. Бұл менің алтыншы балам, қазір жасым 43-те. Бұл бірінші рет осындай қиын босану. Болашақ аналарға да осындай көп балалы отбасы болуларына тілектеспін. Бұл жолы біраз қорқынышты болды, бірақ дәрігерлердің арқасында бәрі жақсы өтті, - дейді көпбалалы ана.
Сәбилер патологиясы бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы Надежда Гаенконың айтуынша, Асайынның қазіргі жағдайы жақсы, жақын арада ол анасымен бірге перинаталдық орталықтың табалдырығын аттап, үйіне қайтады. Әзірше ол анасының сүтін тек бөтелке арқылы ішіп жүр. Анасы ұлының тез өсіп-жетілуіне белсенді түрде атсалысуда.
Перинаталдық орталықтағы ем-шаралардың барлығы МӘМС жүйесі бойынша тегін жүзеге асырылуда.