Музыкалық кешеннің басшысы: Павлодарға аяғымды баспаймын
Облыстық кітапханада «Жанды кітапхана» атты кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кешке қала колледждерінің оқушылары қатысты. Шараның басты кейіпкерлері ретінде үш саланың қызметкерлері шақырылды. Олардың бірі – күйші, «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешенінің басшысы Серік Сыздықов.
Соңғы алты жылдан бері музыкалық кешенге басшылық етеді. Балалық шағынан домбырамен дос болған өнерпаз бүгінде дарынды балаларды дайынап, музыкант маман қылып шығаруда. Колледжден шыққан әлемге танымал түлектер бар екенін айтты ол.
– Елімізде осындай алты-ақ колледж бар. Кешеннің басты мақсаты – үздіксіз білім беру және білімді, кәсіби музыкант шығару. 1000-ға жуық оқушы және 300-ден астам ұстаз бар. Колледжіміздің мақтанышы – баяншы түлегіміз, әлемдік баяншылар байқауында жеңімпаз атанған Олжас Нұрланов, – дейді Серік Сыздықов.
Мекеме басшысы оқушылар мен студенттер жылына өңір қоржынына халықаралық, республикалық байқаулардан 700-ден астам жүлде салатынын атап өтті.
Сондай-ақ өнерпаз өзінің өнер жолына қалай келгені жайлы айтып берді.
– Кішкентай кезімде анам музыка мектебіне берген болатын. Бірінші сыныпта үздік оқыдым. Екінші сыныпта мектеп алыс болған соң барған жоқпын, алайда әке-шешем бұл жөнінде білмейтін. Екі айдан кейін мектеп ұстаздары үйге іздеп келіп, анама барлық шындықты айтты. Содан кейін мектептен қалған емеспін. Есейгенде бір жылдары Павлодарға іссапармен келген болатынмын. Бұл шаһар маған өте лас, жаман қала болып көрініп, осы қалаға енді аяқ баспаспын деп айтып едім. Дегенмен маңдайыма жазғаны сол шығар, осында қызмет атқарудамын, – дейді Серік Сыздықов.
Сонымен қатар, колледж оқушыларымен өнер жайлы әңгіме құрып, оқушылардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді.