Павлодарлық полицейлер балаларды алаяқтардан қорғануды үйретті

Павлодарлық полицейлер балаларды алаяқтардан қорғануды үйретті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мектеп жанындағы лагерь оқушыларына полицейлер қаржылық және цифрлық қауіпсіздік бойынша танымдық сабақ өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараның басты мақсаты – балалардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттырып, оларды алаяқтардан қорғануға үйрету. Сабақ барысында құқық қорғау қызметкерлері заманауи интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерін түсіндіріп, киберқылмыстардан сақтанудың тиімді жолдарын айтты.

– Бүгінгі дәрісті ойын түрінде өткізіп, балаларға ақпаратты интерактивті тәсілмен жеткізуге тырыстық. Олар күмәнді сайттар мен ұсыныстарды ажыратуды, сондай-ақ «дроппер» ұғымының не екенін және оның қандай заңды жауапкершілікке алып келуі мүмкін екенін білді. Сонымен қатар, өзге де алаяқтық схемаларға тарту жолдарын талқыладық, – деді облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Қадыржанов.

Сабақ барысында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.

Кездесу соңында тәртіп сақшылары балаларға үй тапсырмасын берді. Сабақтан алған білімдерімен ата-аналары, туыстары және достарымен бөлісіп, цифрлық ортада қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытпау. Полицейлер балаларға киберқауіпсіздік ережелерін сақтау – болашақта алаяқтардан қорғанудың басты кепілі екенін еске салды.