Намазхана, қонақүй: Екібастұз тас жолында жанармай құю станциясы ашылды

Намазхана, қонақүй: Екібастұз тас жолында жанармай құю станциясы ашылды
Фото: https://pixabay.com/

Нысан сапалы қызметтің барлық заманауи талаптарына сай келеді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жақында жұмысын бастаған жанармай құю станцияларының біріне барды. 

Мұнда жанармай құю қызметтерінен басқа дәмхана, намазхана, заманауи қонақүй бөлмелері, санитарлық тораптар, кір жуатын бөлме және басқа да қызметтер бар. Жанармай құю станцияларының мұндай жабдықталуы көршілес аймақтарға да туристік ағынның өсуіне қолайлы жағдай жасайды.

– Екі жыл бұрын Павлодар - Астана трассасының Екібастұз учаскесінде жанармай құю станциясы мен жол бойындағы сервистің болмауы, аздығы мәселесі бойынша көптеген өтініштер түсетін. Өңірдің белсенді кәсіпкерлерінің арқасында қазіргі таңда мұндай өтініштер жоқ. Жалпы бизнес субъектілерін қолдау, атап айтқанда, жол бойындағы сервисті дамыту мәселелері біздің ерекше назарымызда, – дейді Аян Бейсекин. 

Соңғы екі жылда өңірде автокөлік жүргізушілері мен туристерге сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдайлары бар бес жаңа ЖҚС ашылды. Жер учаскелерін беру, жобаларды іске асыру үшін техникалық шарттар беру және тағы басқа мәселелер шешілді.

Жалпы, Екібастұз аумағында «Pegas», «NRG», «Monolit», «Helios» және «QazaqOil» сияқты ірі желілерді қоса алғанда, 29 автожанармай құю станциясы жұмыс істейді. Қажеттілікті ескере отырып, бұл жұмыс жолдардың басқа бағыттары бойынша да жалғастырылатын болады.