Ольгинка орта мектебі 50 жылдық мерейтойын атап өтті
Павлодар ауданындағы салтанатты шараға ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері мен әр жылдардағы түлектер жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мектептің әр түлегі үшін бұл білім ордасы жай ғана ғимарат емес, балалық шақтың жарқын естеліктері, алғашқы жетістіктері мен өміріндегі маңызды сәттері сақталған ыстық мекен.
Жарты ғасыр ішінде мұнда талай ұрпақ білім алып, қанат қақты. Заман өзгеріп, жаңа оқушылар мен ұстаздар келгенімен, мектептің қалыптасқан дәстүрлері, достық пен білімге деген құштарлық өз жалғасын тауып келеді.
Мерейтой барысында білім беру саласына ұзақ жылдарын арнаған ұстаздарға алғыс айтылды. Павлодар ауданы білім бөлімінің басшысы Жеміс Дүйсекенова педагогикалық еңбек ардагерлері мен қазіргі уақытта қызмет етіп жүрген мұғалімдерге білім ордасының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ мектептің алғашқы оқушылары мен әр жылдардағы түлектерге ерекше құрмет көрсетілді. Көпшілігі өз ұстаздары және сыныптастарымен қайта қауышып, мектеп қабырғасындағы қызықты сәттерін еске алды. Түлектер туған мектебіне деген ризашылығының белгісі ретінде сыйлықтар алуға арналған сертификаттар табыс етті.
Мерекелік көңіл күйді оқушылар мен аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама толықтырды. Салтанатты бөлімнен кейін қонақтарға мектеп бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Таныс сыныптар мен дәліздер түлектерді балалық шаққа жетелеп, алғашқы сабақтарын, мектептегі достары мен сүйікті ұстаздарын еске салды.