Вейп сатуға тыйым салынды: Павлодарда құқыққорғаушылар бақылауды күшейтті

Қатаң бақылауға вейптер, олардың құрамдас бөліктері мен жарнамасы ілігеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz агенттігінің тілшісі.
20 маусымда «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Бұл құжат жастар арасында никотинге тәуелділіктің алдын алуға және оның таралуымен күресуге бағытталған жүйелі шараларды көздейді.
Облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Азат Шахмановтың түсіндіруінше, осы заң аясында Қылмыстық кодекс жаңа 301-1-баппен толықты. Онда «Түтінсіз темекі өнімдерін, тұтынудың электрондық жүйелерін (вейптерді), ароматизаторлар мен сұйықтықтарды сатқаны және таратқаны үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген» деп көрсетілген.
– Түтінсіз темекі өнімдері, вейптер, ароматизаторлар және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымымен күресу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргіземіз. Атап айтқанда, электронды темекілер мен вейптерге қолданылатын сәйкестендіру құралдары мен бақылау маркаларының түпнұсқалығын тексеру бойынша арнайы салықтық тексерістер ұйымдастырылды, – дейді Азат Шахманов.
Терегушінің айтуынша, электрондық сигареттер дәстүрлі темекі өнімдерінің қауіпсіз баламасы бола алмайды.
– Олар алғаш шыққанда зиянды әдеттен арылудың жеңіл жолы сияқты көрінді. Бірақ бұл – қате түсінік. Вейптен келетін зиян кейде тіпті классикалық темекіден де қауіпті болуы мүмкін, – деп ескертті тергеуші.
Вейптер сұйықтықты қыздыру арқылы бу шығарады, ал кәдімгі темекіде темекі жану процесі жүреді. Дегенмен, екі нұсқаның да құрамында зиянды заттар бар. Темекі түтінінің құрамында мыңдаған уытты және канцерогенді қосылыстар бар. Вейптерде де химиялық заттар кездеседі. Олардың көлемі аз болғанымен, бұл оларды зиянсыз етеді деген сөз емес. Одан бөлек, вейп иісі жеңіл әрі тез тарайды, бірақ бұл – ағзаны темекіден қорғау емес, адастырушы фактор.
Кәмелет жасына толмағандардың денсаулығына әсері ерекше алаңдаушылық туғызады.
– Никотин жасөспірімдердің дамып келе жатқан миына теріс әсер етеді. Ол эмоцияларды басқаруға, шешім қабылдауға және өзін-өзі бақылауға жауап беретін бөліктерді бұзады. Жасөспірімдер тәуелділікке тез ұшырайды, ал болашақта олар кәдімгі темекіге де көшіп кетуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, вейптің буы жүрекке де, өкпеге де зиян. Ал кәмелетке толмағандардың ағзасына бұл тіпті одан да ауыр тиюі ықтимал. Жеміс пен тәтті дәмдерге елітетін ароматизаторлар балалар мен жастарды қызықтыра түседі. Оның үстіне маркетингтің өзі көбінесе жастарға бағытталған, – дейді Азат Шахманов.
Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек анықталды. Жалпы саны 440 мыңнан астам өнім тәркіленіп, жойылған. 29 маусым күні өткен жедел іс-шаралар барысында заңсыз өнімнің тағы бір партиясы анықталған.
Құқықтық тәртіп пен қаржылық қауіпсіздікті нығайту мақсатында өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарында және оқу орындарында тақырыптық дәрістер ұйымдастырылуда. Шараларға қатысқандар саны мыңдап саналады.