Отбасы құндылығын бейнелеген тың туынды – Павлодар көшесінде

Отбасы құндылығын бейнелеген тың туынды – Павлодар көшесінде
Фото: видеодан скриншот

Суретшілер муралдың жұмысын аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, отбасы құндылықтарына, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығына арналған «Қара шаңырақ» атты кезекті муралдың жұмысы мәресіне жетті.

– Композицияның ортасында бірнеше ұрпақтың басын қосқан үлкен отбасының көркем бейнесі орналасқан. Отбасы туған үйдің жылуы мен берекесін білдіретін киіз үйдің аясында бейнеленген. Бұл көрініс жақындарға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты, үлкенге құрмет көрсетуді және отбасылық дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді сипаттайды, – делінген хабарламада.

Туындыда ерекше мәнге ие тағы бір бейне — композицияның үстінен көрініс тапқан шаңырақ. Ол тек отбасы ошағының ғана емес, түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген ортақ үйіміз — Қазақстанның да символы. Бұл шаңырақ астында сан алуан тағдырлар, дәстүрлер мен құндылықтар тоғысады.

Отбасы — қоғамның тірегі, сүйіспеншілік, өзара түсіністік пен қолдаудың қайнар көзі. Адамдарды біріктіріп, еліміздің бірлігін нығайтатын құндылықтар ең алдымен отбасында қалыптасады.

Муралды Алматы қаласынан келген суретші-муралистер командасы салды.

Еске сала кетейік, Естай көшесі, 89 мекенжайындағы ғимараттың қасбетіне балаларға арналған мурал салып жатыр. Астаналық Art Game шығармашылық тобы бұл жолы ғимаратқа балалардың арманы мен туған қалаға деген сүйіспеншілігін бейнелеуді көздеген.