Павлодарға тікұшақпен екі екібастұздық науқас жеткізілді

Павлодарға тікұшақпен екі екібастұздық науқас жеткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұшу барысында науқастардың жағдайын медициналық мамандар бақылап отырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы бір күнде Екібастұз – Павлодар бағыты бойынша екі рет санитарлық рейс жасады.

– Облыс орталығына 1968 жылы туған ер адам мен 2017 жылы туған бала жеткізілді. Ұшу кезінде олардың жағдайын Павлодар дәрігерлеріне тапсырғанға дейін медицина мамандары қадағалады. Операцияны тәжірибелі экипаж орындады: әуе кемесінің командирі Жалын Аязбаев, екінші ұшқыш Қабден Азамат, бортмеханик Мұрат Альбергенов, инженерлер Александр Альмухамедов пен Темірлан Сибагатов, – делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, команданың үйлесімді жұмысы мен кәсібилігі рейстердің жылдам әрі қауіпсіз орындалуына мүмкіндік берді.