Басып озған: Павлодар облысында үш адам жол апатында көз жұмды
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қаңтар күні сағат 21-00-де Павлодар-Семей автожолында, Аққулы ауданының Тілектес ауылының маңында «Kia Sportage» автомашинасының жүргізушісі қар жинайтын машинаны басып озған кезде қарсы қозғалыс жолағына шығып, КамАЗ автомашинасымен бетпе-бет соқтығысқан.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы оқиға орнында қайтыс болды. Сондай-ақ, жарақаттармен ауруханаға «Kia» жолаушысы жатқызылды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды, – деді департаментте.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларға мұндай оқиғалардың алдын алу үшін көлік көп жүретін жерлерде жылдамдық режимін сақтау және көлік құралының техникалық жағдайын бақылау маңызды екенін еске салады.