Павлодарға жұмыс сапарымен Томск делегациясы келді

Павлодарға жұмыс сапарымен Томск делегациясы келді
Фото: Константин Шелков

Қонақтар жетекші оқу орындары мен білім беру орталықтарының инновациялық жобаларымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беру бөлімінің мәліметінше, делегацияның сапары аясында Павлодар қаласының бірқатар білім беру және кәсіби даму ұйымдарына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар алдымен оқу-өндірістік комбинатында көлік жүргізу, VR-class, графикалық дизайн, медициналық және бизнес-технология зертханалар, тігін және Beaty-студия кабинеттерін көрді. Бұл оқу орны заманауи мамандықтарға дайындауда айтарлықтай үлес қосып келеді.

Сондай-ақ, кездесу барысында білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы және оқушылар мен студенттерге арналған алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. 

Аталмыш маңызды кездесу екі өңір арасындағы көпжылдық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, білім беру саласындағы байланысты нығайтуға бағытталды. 

Кейін делегация А. Байтұрсынұлы атындағы инновациялық мектепте болып, интерактивті панельдермен жабдықталған кабинеттерді, шығармашылық зертханалар мен коворкинг орталықтарын аралады. Олар бұл мектепте білім беру үрдісін жетілдіруге бағытталған инновациялық әдістерге ерекше қызығушылық танытты.

Ақпараттық технологиялар колледжінде делегация IT-Hub, зертханалар және өндірістік цехтармен танысты. Бұл колледждің IT мамандықтарына дайындаудағы озық тәжірибесі делегация назарынан тыс қалмады.

Кейін келесі бағыт бойынша қонақтарға Павлодар технологиялық колледжінде «Аспаздық іс», «Наубайхана шеберлігі» және кондитерлік зертханаларда практикалық білім беру әдістері жайлы айтылды. Онда болашақ мамандардың жоғары деңгейде дайындалатынын атап өтті.

Сонымен қатар, делегация мүшелері «Алтын сақа» қосымша білім беру орталығында оқушыларға арналған шығармашылық және техникалық мүмкіндіктермен танысты. Фотостудия, телестудия, дыбыс жазу студиясы мен қыш шеберханалары қонақтардың ерекше назарын аударды.