Павлодар облысының ауыл оқушыларына кәсіби бағдар берілді

Павлодар облысының ауыл оқушыларына кәсіби бағдар берілді
Фото: Константин Шелков

Кездесуді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалы өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы жастардың инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Қазіргі уақытта елімізде өндірісті меңгерген білікті мамандарға сұраныс жоғары, әсіресе жол саласында кәсіби кадрлар тапшылығы сезіледі.

Осы бағытта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалы кәсіби бағдар беру жұмыстарын жыл сайын жүргізіп келеді. Жуырда филиал мамандары «2000 мектеп» жобасы аясында облыстағы шалғай ауыл мектептерінің оқушыларына арналған онлайн-кездесу ұйымдастырды.

Айта кетейік, биыл еліміздің жоғары оқу орындарында жол саласы мамандықтарына жеті мыңнан астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінген. Бұл мектеп түлектері үшін тегін жоғары білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие жолшы мамандығын игеруге зор мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, облыстық филиалдың зертханасында тұрақты түрде ашық есік күндері өткізіліп келеді. Жақында Торайғыров университетінің бірінші курс студенттері зертханаға барып, жол құрылысына қажетті асфальт, битум қоспаларының сапасы қалай тексерілетінін өз көздерімен көрді.

Бүгінгі күнге дейін филиалда 35 студент өндірістік тәжірибеден өткен. Бұл болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға үлкен септігін тигізуде.

– Жол зертханасына қала мектептерінің оқушылары мен студенттері жиі келеді. Ал шалғай ауыл мектептерінің оқушыларымен онлайн-кездесулер өткіземіз. Біз жастарға жолшы мамандығының болашағы мен мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіреміз, – деді филиал басшысы Ақылбек Қабдылдин.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елімізде биыл шамамен 12 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделіп жатқанын атап өткен болатын. Мұндай ауқымды жұмыстар Қазақстанда бұрын-соңды жүзеге асырылмаған.

Фото: облыстық «Жол активтері ұлттық сапа орталығы»