Павлодар қызылша сырқаттанушылығы бойынша облыста көш бастап тұр
Өңірде желтоқсан айында 300 жаңа жағдай тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
– Өңірде қызылшаға күдікті 737 жағдай, ал зертханалық расталған 547 жағдайы тіркелді. Қарашада 168 жағдай көп болса, желтоқсанда 26 күн ішінде 300 жағдайға дейін өсті, – деді Батырбек Әлиев.
Оның сөзінше, басында қазан айында ауру тарала бастаған кезде өсім Екібастұз қаласында қатты байқалатын, ал енді Павлодар сырқаттанушылық бойынша көш бастап тұр. Аудандар арасында науқастар Баянауылда көп тіркелген – 25 жағдай.
– Ауруханада қызылшамен 54 бала жатыр. Олардың жағдайы тұрақты, реанимацияда ешкім жоқ. Бұл ауруға көбінесе балалар шалдығады, нақтырақ айтқанда, бес жасқа дейінгілер. Олар ауру жұқтырған халықтың 80%-ын құрайды, – деді Батырбек Әлиев.
Айта кетейік, өңірде вакциналық басқаруға жататын инфекциялық аурулар өсіп жатыр. Былтыр бірде-бір бір жағдай тіркелмеген көкжөтел ауруы биыл күрт таралуда. Облыста көкжөтел жұқтырудың 30 дерегі тіркелді.