Павлодар алюминий зауытының ардагерлері алтын тойын қарсы алды

Павлодар алюминий зауытының ардагерлері алтын тойын қарсы алды

«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауыты тек өндірістік жетістіктерімен ғана емес, онда өмірін арнаған адамдардың тағдырларымен де қымбат, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Елуниндер отбасы үшін алтын той — тек шаңырақ мерекесі ғана емес, зауыт тарихының да бір бөлшегі.

Жалпы кәсіпорын бойынша өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, алтын тойға жеткен жұптар саны — жиырма бір. Солардың ішінде саналы ғұмырын қанатты металл өндіру ісіне арнаған Елуниндер жанұясы да бар.

Отанасы Вера Гавриловна ПАЗ-да қырық жылға жуық, ал отағасы Виктор Петрович ширек ғасыр еңбек етті.

– Соғыстан кейінгі елдің аяқтан тұру кезеңінде дүниеге келген ұрпақ үшін ең бастысы — белгілі бір мамандықтың иесі болу еді, –деп еске алады қариялар.

Арман — алға жетелейді

Екеуі де қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп, жергілікті кәсіптік-техникалық оқу орындарын тәмамдады. Вера Гавриловна Красноармайка ауылшаруашылық техникумының «Жеміс өсіру агрономы» бөлімін аяқтаса, Виктор Петрович №114 кәсіби-техникалық училищенің «Ағаш ұстасы» мамандығын игерді.

Еңбекпен өрілген ғұмыр

1973 жылдың мамыр айында алюминий зауытына жиырма жастағы бойжеткен көгалдандыру цехына жұмысқа қабылданды. Өткенге шолу жасай отырып, Вера Гавриловна жетекші мамандар Абрам Кригердің, Лидия Макаренко мен Валентина Ивановналардың есімдерін құрметпен атайды. Сол кісілердің басшылығымен зауыт ауласына көкөніс, гүл өсірумен шұғылданды. 1975 жылдың маусым айында осы зауыттың түсті металлургия слесарі Виктор Петровичпен отау құрды.

– Иә, кәсіпорындағы жолдастық сот төрағасы қызметін қоса атқарған кездерден есте қалған жарқын сәттер өте көп. Өндіріс ошағында тұрақтылыққа баса мән берілетін, еңбеккерлердің жұмыстан шығып кетуі деген өте сирек еді, – деп еске алады Вера Гавриловна.

Ол еңбек жолын енді бастаған бір әріптесінің тәртібі талқыланған үлкен жиынды еске алды:

– «Қызыл бұрышқа» жұмыскерлер көптеп жиналды. Есімде қалғаны — көпшілік жас маманға іс барысында тәртіп бұзғаны үшін шүйлігіп жатты. Сол кезде Светлана есімді бойжеткен: «Жас маманның түзелуіне тағы бір мүмкіндік беру керек, әрі ол екінші рет қайталамаймын деп уәде беріп жатыр емес пе?», – демесі бар ма. Бұл шешім бір ауыздан қолдау тапты. Кейін осы жастар тәп-тәуір отбасын құрып, бізбен бірге қызмет істеді. Иә, біз зауыттың көркеюіне ғана емес, адамдардың моральдық тұрғыда өсіп-жетілуіне де қол ұшын беретінбіз.

Зауытта қызметкерлердің кәсіби тұрғыда дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Кейіннен дәнекерлеуші мамандығын игерген отағасы Виктор Петрович те өзінің жетекшісі Валерий Журавлёвті құрметпен еске алады:

– Жұмыс өз алдына, еңбеккерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға баса мән берілетін. Біздің кезімізде ерікті дружиналар, хорға қатысу, табиғат аясында серуен — бәрі болды. Тіпті зауытішілік байқаулардың өзі ұжымның ынтымағын арттыруға бағытталатын. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары ең алдымен жұмыскерлердің өздеріне қажет екенін ұғындыруға тырыстық. Өзара түсіністік пен қолдаудан өзге, әрқашан жаныңа сенімді, сауатты ізбасар дайындау — борышымыз еді.

Ерлі-зайыпты Елуниндер оқу орындарынан тәжірибеден өтуге келген жастарға өз білгендерін үйретуден жалықпады. Саналы ғұмырын өндірістің өркендеуіне арнаған жандар үшін адалдық пен еңбекқорлық, кішіге қамқор болу, бастаған істі аяқсыз қалдырмау сияқты қасиеттер бірінші орында тұрды.

– Ал өзіміз туралы не айтарымызды да білмейміз. Ешқандай мемлекеттік марапат алған емеспіз. Тек еңбек кітапшамызда осы зауытта қызмет істегеніміз туралы жазылған. Алғыс сөзді жиі естідік және еңбегімізге сай сыйақы алып тұрдық, –дейді қариялар.

Әр күні мазмұнға толы

Қазір де ардагерлер әр күндерін мәнді өткізуге тырысады. Бұрынғы әріптестері мен жиі бас қосады, жастық шақтарын, алғаш отбасы құрған уақыттарын, жұмыс барысын еске алады. Қоғамдық шараларға белсене қатысады, кәсіпорынның Ардагерлер ұйымының белді мүшелері. Қойын дәптерлерінде аптаның әр күні мен әр сағатын тиімді өткізу үшін алдын ала жоспар жазып қоюды әдетке айналдырған. 

Вера Елунина қаладағы «Ұзақ өмір сүру» клубының тұрақты мүшесі, йогамен шұғылданады. Аптасына үш рет хорға қатысады. Жазда саяжай маусымын асыға күтеді.

«Жастық шағыңыз қайта келсе, не істер едіңіз?» деген сауалға жымиып:

– Бірнеше тілді үйреніп, жер жаһанды аралаудан шаршамас едім, –дейді ол.

Өмірді сүю — бақыттың кілті

Аға буын өкілдері жастарды өмір бойы оқып-үйренуге, спортпен шұғылдануға және сүйікті ісімен айналысуға үндейді. Биыл отасқандарына елу жыл толып отырған үлгілі отбасы бүгінде бір ұл тәрбиелеп өсіріп, одан екі немере мен бір шөберенің қызығын көруде. Алтын тойға жеткен абыройлы шаңырақ үшін өмірдің мәні — мықты денсаулық пен балаларының бақыты. Қос қария еңбек жолдарымен ғана емес, өнерге жақын жүректерімен де үлгі. Бос уақыттарында ән салуды жандары сүйеді.

– Өмір дегеніміз — осы. Бүгін біз ән салып отырсақ, бұл — бақыттың белгісі, – дейді олар бірауыздан.

Серіктестік материал