Жатыр мойны обыры жасарып барады: Павлодарлық дәрігерлер вакцинацияның маңызын түсіндірді
Өңірде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Адам папилломасы вирусы (АПВ) – жатыр мойны обырының дамуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі. Биылдан бастап екпені ерікті түрде 11-13 жастағы қыздар ғана емес, 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер де ала алады.
Павлодар облыстық онкологиялық диспансері директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Әсел Асқарованың айтуынша, бүгінде мамандардың бақылауында 14 мыңнан астам науқас бар. Оның ішінде 1253 адамға жатыр мойны обыры диагнозы қойылған. Жыл басынан бері Павлодар облысында анықталған онкологиялық аурулар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан. Онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі обыры тұр. Ал жатыр мойны обыры барлық анықталған жағдайлардың 4,4 пайызын құрап, бесінші орында келеді
Жыл басынан бері жатыр мойны обырына қарсы скринингтен 21 мың әйел өтті. Тексеру нәтижесінде 375 обырға дейінгі жағдай және он қатерлі ісік дерегі анықталған.
Әсел Асқарованың сөзінше, ауру көбіне 40 жастан асқан әйелдерде кездеседі. Дегенмен дәрігерлер жатыр мойны обырының «жасарып» келе жатқанын атап өтуде.
– Жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын қатерлі ісіктердің бірі. Ол үшін тұрақты тексеруден өтіп, АПВ-ға қарсы уақытылы вакцина алу маңызды, – дейді дәрігер.
Жатыр мойны обырына қарсы скрининг тіркелген емханаларда 30-74 жас аралығындағы әйелдер үшін төрт жылда бір рет тегін жүргізіледі. 2026 жылдың қаңтарынан бастап бұл тексеру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізіліп, медициналық сақтандыру мәртебесіне тәуелді болмайды.
Дәрігерлер қан аралас бөлінділер, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну, әлсіздік немесе бас айналу сияқты белгілерді назарсыз қалдырмауға кеңес береді. Сонымен қатар облыстың барлық емханаларында онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған қарау кабинеттері жұмыс істейді.
Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылы Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілгенін еске салды. Алғашында екпе 11 жастағы қыздарға, сондай-ақ бұрын вакцина алмаған 12-13 жастағы жасөспірімдерге салынған.
Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысына сәйкес бағдарлама кеңейтілді. Енді екпені 14-17 жас аралығындағы қыздар да ала алады.
– Бүгінгі таңда Павлодар облысында АПВ-ға қарсы алты мыңнан астам бала вакцина алды. 11-13 жастағы қыздарға «Гардасил» вакцинасымен алты ай аралықпен екі доза егіледі. Ал 14-17 жастағы жасөспірімдер осы вакцинаны үш дозалық схема бойынша алады, – деді Замзагүл Дощанова.
Ақ халаттылардың айтуынша, АПВ-ға қарсы вакцинация және скринингтен тұрақты өту жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілдері болып саналады және аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді.