Павлодар ауданындағы шенеунік ауылдықтар үшін басын бәйгеге тікті

Павлодар ауданындағы шенеунік ауылдықтар үшін басын бәйгеге тікті
Фото: автор

Оның ісі әдеп жөніндегі кеңесте қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2023 жылы 16 қаңтарда Павлодар ауданының экономика нақты секторы мен «Спецстрой Групп ЛТД» мердігер ұйымымен Қаракөл ауылында су құбырын салу туралы келісім-шартқа қол қойылды. Мердігер жұмыстарды 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқтауы тиіс еді, кейін бұл уақыт 2024 жылдың 15 қаңтарына дейін шегерілді. Бүгінде құрылыс аяқталып, су ауыл тұрғындарына берілуде.

Алайда бұл құжат жүзінде тіркелмеген. Ол ол ма – бөлім басшысы Рүстем Сүлейменов техникалық бақылау ұйымының рұқсатынсыз мердігер берген актілерге қол қойып, оның шотына келісім-шарт бойынша қаражаттың бір бөлігін аударған.

- Иә, мұндай фактілер болған, мен мемлекет қаражатын игеруді мақсат тұттым, - деп кінәсін мойындады Рүстем Сүлейменов. – Менің су құбырын аяғына жеткізіп, адамдарға су беруім керек еді. Сол кезде мен мұндай жауапкершілікті мойныма алдым. Қазіргі кезде су құбыры жұмыс істеп тұр, жұмыстар аяқталды. Онда тек 15 метр жақтаулар мен іске қосу процедуралары ғана орындалмады.

Бүгінде аудандық бөлім «Спецстрой Групп ЛТД» ұйымын жосықсыз мердігер ретінде тану үшін сотқа арыз берген. 

Рүстем Сүлейменовті аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытбек Баткеев қорғауға тырысты. Ол отырыс кезінде таза ауыз суға қолы жеткен қаракөлдіктер атынан айтылған алғыстарды жеткізіп, аудандағы кадрлық тапшылық мәселесін көтерді.

Оны кеңес мүшесі Ерік Есенов қолдады. Оның айтуынша, құрылыс кезінде Рүстем Сүлейменовті «құбырды тезірек тапсыр, актілерге қол қой, құрылысты аяқта» дегендер көп болғанымен, проблема шыққан кезде ол ауырлықтың бәрін мойнымен көтеруге мәжбүр болғанын айтты. Шенеунік жауапкершілікті мойнына алғаны үшін жаза тартқалы тұр, деді ол.

Рүстем Сүлейменов осы лауазымда бір жылға жақын уақыт істеп, қолданыста ешбір тәртіптік жауапкершілікке тартылмағаны анықталды. Осы мән-жайларды ескере отыра кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшіге толық емес сәйкестік түрінде жазаға тарту туралы ұсыныс үшін дауыс берді.

Келесі бір шенеунікті кеңес мүшелері аяған жоқ. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Рахат Бекбергенов ісін қарастырды. Ол бұрын тәртіптік іске тартылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Мемлекеттік қызметші «ГрадСтройСервис» ЖШС орындамаған жұмысы үшін актілерге қол қойған. Шығын көлемі 131 миллион теңгеден асты. Мердігер Ақсу қаласы мен Еңбек, Жолқұдық, Пограничник және Алғабас ауылдарында бірқатар әлеуметтік нысандарды салуы тиіс еді. Жұмыстар аяқталған жоқ.

Рахат Бекбергеновтің айтуынша, ол мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат игеруді мақсат еткен. Оның сөзіне қарағанда, ол жоспардың кейінге шегерілгені туралы бірнеше рет жоғары тұрған органдарға өтініш жолдаған – нәтижесіз.

Кеңес мүшелері Рахат Бекбергеновті Ақсу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметінен босатуды ұсынды.