Павлодар ауданында ауыл тұрғыны ауланы экзотикалық гүлдермен көмкерді

Павлодар ауданында ауыл тұрғыны ауланы экзотикалық гүлдермен көмкерді
Фото Жанна Иванованың жеке мұрағатынан

Новочерноярка ауылының тұрғыны гүлзарды өз қаражатына салған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жанна Иванова Центральная көшесі, 11 мекенжайындағы екі қабатты үйдің кіреберісінің жанында екінші жыл қатарынан экзотикалық өсімдіктер өсірумен айналысады.

Оның айтуынша, үйдің жанындағы аумақ қандай да бір өсімдіктерді өсіруге мүлдем жарамсыз болған. Құмды қара топыраққа айналдыру үшін үш айға жуық уақыт кеткен.

– Қара топырақ сатып алып, аумақты толығымен жабу керек болды. Күніне жүз шелек тасыдым. Алдыңғы ауланы металл сәндік қоршаумен қоршап, кіреберіс жолға брусчатка төседім. Барлығын өз күшіммен жасадым. Құрбым көшет берді, қалғанын өзім сатып алдым, – ейді бағбан. – Көршілерім қуана көмектесер еді, бірақ оған олардың жасы мен денсаулығы мүмкіндік бермеді. Осылайша, алғашқы гүлзарлар өткен жылы пайда болды.

Жанна Иванова Новочерноярка ауылына 1994 жылы Якутиядан ата-анасымен келген. Сәнгер мамандығына оқыған, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Ұзақ уақыт ауылда дүкен ұстаған.

– Біз ата-анамызбен жер үйде тұрдық, әрқашан гүлдеріміз болды.  Анам да, әпкелерім де гүл өсіргенді жақсы көретін, – дейді ол. – Уақыт өте келе балалармен, жұмыспен айналысып, гүл өсіруге уақыт болмады. Бірақ  кейін кіреберісіміздің алдын осындай керемет гүлдерге бөлегім келді. Көршілерімнен сұраған едім, олар қарсы болмады.

Қазір Жанна Иванованың үйінің жанындағы аулада мариголд, цинниа мен комус сияқты көптеген гүлдер өседі. Бұл жұмыс көп күш пен уақытты қажет етеді және  бірталай қаржы талап етеді. Мысалы, хостаның бір бұтағы екі жарым мың теңге тұрады.

– Бірақ мен еңбек етуден жалықпаймын, ақшаны да аямаймын, – дейді бағбан. – Мен бұл істі шын жүректен жасаймын, өйткені бұл іс маған ұнайды және айналаның әдемі болғаны сондай керемет.

Барлық жұмыстар қаржылық инвестицияны қажет етеді. Жанна Иванова ауыл басшылығы  қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Өйткені үйлерінің ауласында тәртіп пен тазалық орнатқан жандарды ынталандырса, басқалар да үлгі алады деген пікірде.

Әсия Серікова