Павлодарда балалар ауылының тәрбиеленушілері ұлттық тағамдар жасауды үйренді

Павлодарда балалар ауылының тәрбиеленушілері ұлттық тағамдар жасауды үйренді

Шара Отбасы күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

«Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы Жұлдыз Малдыбаеваның айтуынша, «Қазақ Аналары» қоғамдық бірлестігінің әжелері отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін қазақтың ұлттық тағамдарын жасауды үйретті. 

– Балалар әжелермен бірге құймақ, бауырсақ сияқты түрлі тәттілер дайындады. Әжелердің құпия рецептері бойынша қамыр иледі. Содан кейін барлығы дастархан басында отырып, шай ішті. Ас дайындау кезінде балалар өздер жайлы айтып берді. Апалар домбырамен ән салып, балалармен бірге би биледі, – деді Жұлдыз Малдыбаева.

Үйлестірушінің сөзінше, отбасы үлгісіндегі балалар ауылында жеті үй бар. Бүгінгі таңда 70  орынға шақталған үйлерде әртүрлі жастағы 63 бала тұрып жатыр. Кездесу барысында  қиын жағдайға тап болған балаларға туыстық қарым-қатынастың маңыздылығы мен шығу тарихы жайлы ақпарат берілді. 

– Кездесуге 14 әже келіп, әрқайсысына екі-екіден бөлінді. Бұл жерде балаларды тұрғын үй алу үшін кезекке қою, білім гранттарын алу сияқты көмек көрсетіледі. Өкінішке орай, олардың өздерінің ата-аналары алып кетуі өте сирек кездесетін көрінеді. Сондықтан балаларға отбасындағы жылуды сезіну, қолдау көрсету мақсатында осындай шаралар ұйымдастырып тұрамыз, – дейді Жұлдыз Малдыбаева.

Айта кетерлігі, «Қазақ Аналары» қоғамдық бірлестігі болашақта балаларға жиі барып тұруды жоспарлап отыр.