Павлодар ауданында жасөспірімдер көп жиналатын орындар тексерілді
Оқушылармен профилактикалық әңгіме өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қыркүйектен бастап аудан аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы басталды.
– Бірінші күні Павлодар ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері ауданның оқу орындарына барып, оқушылармен профилактикалық әңгіме өткізді, сондай-ақ ауданның ювеналды полициясының есебінде тұрған тұрмысы төмен отбасылар мен кәмелетке толмағандар тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Әрбір есепке алынған адаммен құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу туралы түсіндірме әңгіме жүргізілді, – дейді департаментте.
Ювеналды полиция инспекторы Лаура Шақарова Заря мектебінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың түнде көшеде болуы, буллинг, жыныстық тиіспеушілік тақырыбында ата-аналармен жалпы мектептік жиналыс өткізді. Ата-аналарға балаларды дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапкершілік туралы да ескертілді.
Рейдтер барысында полиция қызметкерлері скверлер, саябақтар, көшелер сияқты жасөспірімдер көп жиналатын орындарды тексерді. Полицейлердің бұл бағыттағы жұмысы жалғасады.