Баянауыл ауданында электр желілері жаңғыртылады

Баянауыл ауданында электр желілері жаңғыртылады
Фото: Константин Шелков

Аудан әкімдігі үш жоба бойынша жобалық құжаттаманы әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылы облыс бойынша бюджет қаражаты есебінен электр желілеріне байланысты сегіз жоба іске асырылады. Оның ішінде Баянауыл ауданының әкімдігі аталмыш жобалар бойынша бюджет қаражатын бөлу үшін бюджеттік өтінім ұсынды. 

– Электр желілеріне талдау жасалынды. Барлығы 547 зақым орын алды. Яғни, жылдық көрсеткішке сәйкес, электр қуаты бір күнде екі рет өшірілді. Сол үшін жол картасы әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттаманың құны – 2,5 млрд теңге, – дейді Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

Спикердің сөзінше, облыс әкімдігі мен Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының мамандары электр желілерін жаңғырту бойынша Жол картасын әзірледі. Павлодар өңірі – республикада аталмыш құжатқа қол қойған бірінші аймақ.

Статистикалық көрсеткіш бойынша, 2022-2023 жылдардағы динамиканы есептегенде электр қуатын өшіру саны шамамен 61 пайызға өсті. Ал Баянауыл ауданы 30 пайызын құрайды. 

– Жоба екі жыл ішінде іске асырылатын болады. Облыс әкімі депутатпен бірлесіп, бюджеттік комиссияда қарауға тапсырма берді. Болашақта шамамен 40 шақырым жаңа желілерді салу қарастырылады, – дейді басқарма басшысы.

Ағымдағы жылдың екінші жылдығында жұмыстар басталады.

Қалған бес жоба бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталады. 

Сондай-ақ, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде облыстың жалпы сомасы – 1,8 млрд теңгеге 44,6 км электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және күрделі жөндеу жөніндегі алты жобаны іске асыру көзделген.