Павлодар облысында жаңа екі мектепке жұмыскерлер қажет болады
Тұрақты бос жұмыс орындарының саны – 90-ға жуық, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.
– Жалпы өңірлік білім саласы картасына екі бағытта жобалар енгізілді. Біріншісі – білім беру ошақтарында күрделі жұмыстарды жүргізу. Екіншісі – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептерге жұмыскерлерді тарту. Жалпы, ағымдағы жылы осы істерге 345 жұмыскерді тартамыз деп отырмыз. Оның ішінде 85-і – тұрақты, қалған 260-ы – уақытша жұмыс орындары, – дейді Самал Айтқазина.
Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш жұмыстарға барлық жағынан қаражаттар бөлініп, конкурстар ұйымдастырылған. Жұмыстар оқу жылының аяғында басталады.
Сонымен қатар, мемлекеттің орман қорында ағаш отырғызу шараларын іске асыру барысында 210 жұмысшы керек болады. Бұл жұмыстар көктем және күз айларында іске асырылмақ. Оның 180-і «Ертіс резерватында», қалған 30-ы облысқа қатысты орман мекемелерінде жұмыспен қамтылатын болады.
– Биыл өнеркәсіп пен сауда саласында 1193-тен астам жұмыс орнын құру арқылы 10 ірі жобаны енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта облыс әкімінің тапсырмасымен барлық инвестициялық жобаларды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл шамамен бес жүзге жуық жұмыс орнын құрайды. Аталмыш жұмыс орындары облыстың барлық қалаларына қатысты, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесов.
Облыс әкімі Асайын Байханов кәсіпкерлерлердіңқолдауымен құрылатын жұмыс орындарының маңызы зор екенін атап өтті.
– Өндіріс болсын, өңдеу, өнеркәсіп болсын, білім басқармасымен, кәсіптік және техникалық оқу орындарымен бірлесе отырып, бос жұмыс орындарының 99 пайызын облысымыздың тұрғындары қамтамасыз ететіндей жұмысты күшейту қажет. Сондықтан білім беру басқармасымен бірлесіп жұмыс істеу керек, – дейді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы жалпы жұмыспен қамтамасыз ету, әр қала, аудан әкімдерінің ерекше бақылауында болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту, инвестициялық жобалдарды жүзеге асырып,жалақысы жоғары жұмыс орындарын құруды басты міндетке қойды.