Павлодар ауылындағы мектепте цифрлық оқытуға басымдық берілуде

Павлодар ауылындағы мектепте цифрлық оқытуға басымдық берілуде
Фото: автор

Сабақтардың жартысында жасанды интеллект қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданының Набережное ауылындағы №2 Чернорецк жалпы орта білім беру мектебінде бүгінде 330 бала оқиды. 2004 жылы пайдалануға берілген үш қабатты ғимарат 420 орынға арналған. Соңғы жылдары мұнда бірқатар жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оқу үдерісіне жасанды интеллект құралдары енгізіле бастаған.

Мектеп директоры Ұлан Нұртыбайдың айтуынша, білім ордасының жалпы аумағы 7 033 шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда 51 оқу кабинеті бар. Бірінші қабатта асхана, қабылдау бөлмелері, шағын орталық, мектепалды даярлық топтары, IT және технология сыныптары орналасқан. Екінші қабатта 14 оқу бөлмесі мен спортзал болса, үшінші қабатта өзге пән кабинеттері жұмыс істейді.

Соңғы жылдары ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілмегенімен, жекелеген бөліктері жаңартылған. Атап айтқанда, едендер мен тақтайшалар ауыстырылып, жылу батареялары жаңадан орнатылған. Соған қарамастан, нысан әлі де жөндеуді қажет етеді.

Қазіргі уақытта бастауыш буында 112 бала оқиды. Ал орта және жоғары сыныптарда 218 оқушы білім алады. Соңғы екі жылда төрт түлек «Алтын белгі» иегері атанып, жоғары нәтиже көрсеткен.

– Білім сапасы жаман емес, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Мұғалімдер сабақ барысында жасанды интеллект пен түрлі цифрлық платформаларды қолданады. Дегенмен оны оқу процесінде 100 пайыз пайдаланып жатырмыз деп айта алмаймын. Ауылдағы интернет желісінің мүмкіндігі мен техникалық ақаулар да әсер етеді. Қазір жасанды интеллект құралдары сабақтардың шамамен 50 пайызында қолданылады, – деді Ұлан Нұртыбай.

Білім мекемесінде педагог тапшылығы жоқ. Биыл тарих, биология және математика пәндері бойынша үш жас маман жұмысқа қабылданған. Мектеп басшысының пікірінше, Набережное ауылының қалаға жақын орналасуы жас ұстаздарды тартуға қолайлы жағдай жасайды.

Мемлекет басшысының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жарлығына қатысты мектеп директоры мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелеріне де тоқталды.

– Жолдауды тыңдадық. Президентіміздің Жолдауында құрылыс мәселесі, жасанды интеллект, цифрландыру бағыттары айтылды. Мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру да бізге байланысты. Жасанды интеллектіні қолданумен қатар, инклюзивті білім беруге де көңіл бөлу керек. Соңғы жылдары ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны өсіп келеді. Сондықтан олармен жұмыс істейтін педагог-психолог мамандардың біліктілігін жетілдіріп, мектептерге дефектолог мамандарын тарту қажет. Қазір кәсіби деңгейде жұмыс істейтін дефектолог пен логопед мамандар тапшы, – деді мектеп директоры.

Ұлан Нұртыбайдың айтуынша, инклюзивті білім беруді дамыту үшін ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Әзірге мектепте арнайы кабинет ашу жоспарда жоқ, алайда бұл бағыттағы жұмыстар білім ордасының даму жоспарына енгізілген.

Еске сала кетейік, №2 Чернорецк мектебінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасын дәріптеуге арналған арнайы кабинет ашылған.